Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласы маңына құлаған Әзербайжан әуе компаниясы ұшағының қара жәшіктері Бразилияда ашылады. Бұл туралы 29 желтоқсанда Қазақстанның көлік министрлігі хабарлады.
"Чикаго конвенциясының 13-ережесіне сәйкес, қара жәшіктерді қай елде ашып оқуды ұшақ апатына тергеу жүргізетін ел шешеді. Қазақстан бұл конвенцияны 1992 жылы ратификациялады әрі халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) мүшесі", – деп жазылған хабарламада.
Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеу жөніндегі комиссия осы құжат негізінде және ИКАО ұсыныстары бойынша, Әзербайжан мен Ресейдегі авиация саласының өкілдерімен кеңесіп, қара жәшіктерді Бразилиядағы авиация оқиғаларын тергеу орталығына (CENIPA) жіберуді ұйғарған. Embraer жолаушы ұшағы осы елден жасалады.
Министрлік CENIPA орталығында қара жәшіктерді оқуға қажет техника, зертхана бар деді.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) бас хатшысының тапсырмасына сәйкес, 29 желтоқсанда Ақтауға арнайы бақылаушы – авиация оқиғаларын тергеу секциясының басшысы Тормодур Тормодсон келген. 28 желтоқсанда Қазақстанға CENIPA мен мемлекетаралық авиация комитетінің өкілдері жетті.
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer Е190 жолаушы ұшағы 25 желтоқсанда Ақтау маңына құлады. Әуекомпаниясы мен ресми орындар таратқан ақпаратта, Бакуден ұшып барған ұшақты Грозный әуежайы қабылдамай, әуелі Махачқалаға бұрған, кейін ұшақ Ақтау қаласына бет алған, Каспий теңізі үстінде ол төтенше жағдайға тап болғаны жөнінде белгі берген деп айтылды.
Ұшақта 62 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған. Олардың арасында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей азаматтары бар. Апаттан қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның азаматы.
26 желтоқсанда Батыс ақпарат агенттіктері бұл апаттың төркіні Ресейде деп хабарлады. Әуелі Euronews, кейінірек Reuters Әзербайжан билігіндегі дереккөздеріне сүйеніп, ұшақ апатына Ресейдің "жер-әуе" санатындағы әскери зымыраны себеп болған деген ақпарат таратты.
27 желтоқсанда "Росавиация" Azerbaijan Airlines ұшағы Грозныйға қонатын кезде қалаға дрондар шабуылдағанын растады. Украина дрондарының шабуылына байланысты қаладағы әуежай аспанында "Ковер" жоспары енгізіліп, қалың тұман болған деп айтылды. Ұшақты Грозныйға қондыруға екі рет талпыныс жасалған, бірақ сәтсіз болған, экипаж командиріне басқа әуежайларға қонуды ұсынған, бірақ ол Ақтауға ұшуды жөн көрген деді "Росавиация".
Ресейлік бұл мекеме бастапқыда "ұшаққа құстар соғылып, апат содан болуы мүмкін" деп хабарлаған еді. Авиация сарапшылары оған күмән келтірген.
Azerbaijan Airlines апатқа дейін ұшаққа "сырт жақтан физикалық және техникалық әсер" болған деп хабарлады.
28 желтоқсанда Кремль хабарлама таратып, Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан басшысы Илхам Әлиевтен Azerbaijan Airlines ұшағы апаты үшін кешірім сұрағанын мәлімдеген. Кремльдің хабарламасында Путин Ресейдің әуе кеңістігінде болған "қайғылы оқиғаға байланысты" кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасына көңіл айтқаны жазылған.
ПІКІРЛЕР