Accessibility links

"Маңғыстауда итбалықтар вирус инфекциясынан қырылған" - Ғылыми орталық


Каспий теңізі жағасында өлген итбалық. 2024 жылдың қарашасы.
Каспий теңізі жағасында өлген итбалық. 2024 жылдың қарашасы.

Алматыдағы микробиология және вирусология ғылыми орталығы зертханасы Маңғыстауда қырылған итбалықтарға жасаған сынаманың алғашқы нәтижесін шығарды. Ғылыми орталық жүргізген молекулярлық-генетикалық талдау нәтижесінде итбалықтардың миы мен өкпе тіндерінен жаңа вирустық жұқпалы ауру табылған. Бұл туралы Азаттыққа зертхана меңгерушісі Айдын Қыдырманов айтты.

"Иммундық жетіспеушіліктен нейровирустық инфекция анықталды. Бұл – нейроинфекция туғызатын вирустың жаңа түрі. Ғылымда әлі толық сипатталмаған, анықталмаған вирус. Теңіз сүт қоректілнрге тән вирустық инфекция" деп тұжырымдайды Қыдырманов.

Орталық итбалықтардың неден өлгенін анықтау үшін өз бастамасымен өз қаржысына Маңғыстауға келіп, өлексе сынамаларын қарашаның басында алып кеткен. Қыдырманов зерттеу нәтижелері кезінде өлекселердің көбі аналық әрі буаз болғанын айтады. Ол итбалықтар уланған деген нұсқаны жоққа шығарды. Оның сөзінше, итбалықтардың өлгеніне кемінде үш аптадай болып, өлексесі бұзылып кеткендіктен көп ағзасының тіндері зерттеуге жарамсыз болған.

Ал итбалықтар өлекселерінен сынама алған тағы бір гидробиология және экология институтының қызметкері Жазира Сыдықова зерттеу қорытындысы ақпан айының басында шығады дейді.

2024 жылы күзде Маңғыстау облысында итбалықтар жаппай қырыла бастаған. 16 қазан - 1 желтоқсан аралығында Каспий теңізі жағасында өлген 1968 итбалық, 21 желтоқсанда 13 итбалықтың өлексесі табылған. Қазір өлген итбалықтар екі мыңға жуықтады. Итбалықтар уланған деген болжам айтылған еді.

Мониторинг Маңғыстау облысында батыстан соққан желге қарамастан жүріп жатыр. Маңғыстау облысы балық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Қонарбай Базарбаевтың сөзінше, өлі итбалықтар Ақтау қаласынан, Түпқараған және Қарақия аудандарынан табылған

- Біз жағада өліп жатқан итбалықтарды автокөлікпен жүріп те, тікұшақ арқылы да санадық. Бұл нақты саны. Өлген итбалық саны бұдан да көп болуы мүмкін деген пікір қате. Біз бәрін тіркеп отырмыз, - деді облыстық балық инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Базарбаев Алматыдағы орталық жүргізген зерттеу нәтижесі жайлы білмейтінін, қорытындысы ресми хабарланбағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG