2022 жылғы 5 қаңтарда Шымкент қаласы әкімдігі алдында атылған оқтан 20 адам қаза тапты. Билік іс қозғап, марқұмдар "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен күдікке ілінді. Кейін "айып дәлелденбегеніне" байланысты іс қысқарып, олар "кездейсоқ қайтыс болған адамдар" тізіміне қосылды. Қаңтар оқиғасына үш жыл толғанда Азаттық бірнеше марқұмның туысымен тағы да сөйлесті. Олар оқ атқандар мен оларға бұйрық бергендер жазаға тартылуы керек деп біледі.
2022 жылы қаңтардың 6-сына қараған түні Шымкент қаласы әкімдігі маңында 20 адам оққа ұшып, мерт болды. Марқұмдардың кішісі 17 жаста, үлкені – 40 жаста. Азаттық бұған дейін де тергеу құжаттарына сүйеніп, олардың кім екенін және неден қаза тапқанын жазған еді.
Бейбіт шеруден басталып, арты тәртіпсіздікке ұласқан Қаңтар оқиғасы барысында қаза тапқандар кейін Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен күдікті деп танылған. Марқұмдардың айыбы дәлелденбей, 2022 жылы қыркүйекте іс тоқтатылған. Олардың бәрі "кездейсоқ қайтыс болған адамдар" тізіміне қосылды.
ҚАҚ МАҢДАЙДАН ТИГЕН ОҚ
19 жастағы Нұрболат Алпамыс – Шымкенттегі Қаңтар оқиғасында қаза тапқан 20 адамның бірі. 2022 жылғы 5 қаңтарда қала әкімдігі маңында басына оқ тиіп, ауыр жараланған жас жігіт ертеңіне таңертең қаладағы балалар ауруханасында көз жұмды. Содан бері үш жыл өтсе де, Нұрболаттың әкесі Мұрат Әбдірайымов пен анасы Айгүл Бақжановаға қаралы күнді еске алудың өзі ауыр.
– Кешкі алты кезінде үйге келсем балам жоқ екен. Сыныптастарымен үйден шығып кетіпті. Шамамен төрт сағаттан соң досы хабарласты. Өзінің қолына оқ тиіп, ауруханаға түскен екен, ал Нұрболаттан қала әкімдігі алдындағы алаңда адасып қалыпты. Жанымыз жай таппай, келіншегім екеуміз баламызды іздеп шықтық, – деп әңгімеледі Мұрат Әбдірайымов.
Ол әйелі екеуі қала әкімдігі алдына барғанда мыңдаған адам жиналып тұрғанын көрген. Әбдірайымов ары-бері іздеп баласын таппаған соң полиция қоршауында тұрған қала әкімдігі ғимаратына жақын барған. Әкімдік маңында адам көбейген тұста ауаға ащы газ шашылған. Дем жетпей тұншығып, алқынып қашуға мәжбүр болған. Әйелі екеуі үйіне қайтып кеткен, бірақ ұлынан хабар болмағасын, көңілі алаң болған Марат жалғыз өзі қайтадан баласын іздеп шығып, таңертең Нұрболатты балалар ауруханасының жансақтау бөлімінен тапқан.
– Артынан мен де бардым, баламды көрдім. Тамыр соғысы білінбей жатты. Маңдайынан, дәл қасының үстінен кірген оқ мидың ортасындағы тамырға тиіп, сол жерде қалып қойған. Көп өтпей дәрігерлер баламыздың қайтыс болғанын естіртті, – деді Нұрболаттың анасы көз жасын тоқтата алмай. – Қаңтар оқиғасы жүрегімізге жазылмас жара салып кетті. Арада 3 жыл өтті. Кез келген жерде баламның суретін қойып қойғам. Ішім шерге толы. Балам өмірдің қызығын да көрген жоқ. Аңқылдап жүретін еді, еңбекқор бала-тұғын. Суретін көрген сайын егілемін.
"БАЛАЛАРЫМ ӘКЕСІН САҒЫНЫП ЖЫЛАЙДЫ"
5 қаңтар күні Шымкент қаласы әкімдігі алдындағы алаңда шатына оқ тиіп, қаза тапқан 40 жастағы Нұрлыбек Асылбековтің артында аяғы ауыр әйелі мен кішкентай екі қызы қалды. Нұрлыбектің жесірі Рысты Дәуірбаева ертеңіне күйеуін мәйітханадан тапқан. Ол отбасын қайғыға салған Қаңтар оқиғасын ешқашан ұмыта алмайтынын айтады.
– Күйеуімді жерлеп келген соң қыздарымды көріп қатты жыладым. Олар түсінбей қалды. Кейін "әкем қайда?" деп сұрайтын болды. Алғашында "жұмысқа кетті" деп алдаңқырап жүрдім. Қазір бәрін біледі, сағынып жылайды, – деді Рысты Дәуірбаева.
Рысты Дәуірбаева күйеуі қайтыс болған соң өмірі түбегейлі өзгергенін айтты. Құрсағында қалған баласы дүниеге келген. Нәрестесі бір жасқа келгенше көз жасы құрғамаған келіншек жұмысқа шығып, адамдармен араласа бастағаннан кейін өзін-өзі жинай бастапты. Дегенмен, әсіресе, балалары әкесін іздеген кезде жалғыз қалғаны білініп, жанына батады.
Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып қаза тапқандардың мерт болғандардың туыстары оқ атқандар мен оларға бұйрық бергендердің жазадан сытылып, қаншама отбасына қайғы-қасірет шеккізген қылмыстардың шындығы толық ашылмай, ұмтылып бара жатқанына қынжылады.
Биліктен балаларын атып өлтірген және атуға бұйрық бергендерді тауып, жазалауды талап еткен Мұрат Әбдірайымов – 10 күнге, Әйкен Дулатбаева (марқұм Бағлан Шәріпбайдың анасы) 5 күнге қамалып, әкімшілік жауапқа тартылды. Оларды Шымкент қалалық әкімшілік соты "бейбіт жиналыс өткізу тәртібін бұзды" айыптады.
Марқұм Нұрболат Алпамыстың анасы Айгүл Бақжанованы "Неге билік жастарға оқ атты?" деген сұрақ мазалайды. Ал марқұмның әкесі Мұрат Әбдірайымов өкімет халықтың пікірін тыңдаса, Қаңтар оқиғасы болмайтын еді деп есептейді. Оның пікірінше, халықтың әлеуметтік мәселесі, жемқорлық, әділетсіздік, жағдайдың жоқтығы, айыппұлдар мен несие жұртты көшеге шығарған, ал билік халықты тыңдап, диалог құрудың орнына оқ атқан.
"ҚЫЛМЫС ҚҰРАМЫ ЖОҚ"
Шымкентте Қаңтарда қаза тапқан 20 адамның бірі – бозбала, екеуі студент. Үшеуінің артында отбасы қалды. Қалғаны – бойдақ. Екі адам бұрын сотты болған. Ресми тергеу құжаттарында "шабуыл жасаушылар арасында масаң күйде жүргендер, қатты агрессия көрсеткендер болды" деп жазылған. Арнайы сараптама қорытындысы қаза тапқандардың бесеуінің қанынан алкоголь табылғанын анықтаған.
Тергеу құжатында әскери қызметкерлер мен полицейлер қару қолданған соң 20 азамат қаза тапқан деп көрсетілген. "Құқық қорғау қызметi туралы" заңның "Атыс қаруын және өзге де қаруды қолдану" туралы 61-бабына сүйеніп, 5 қаңтар түнде наразылар агрессия көрсетіп, полицияның екі қызметкері оқ тиіп жараланған соң күштік құрылым өкілдері тәртіпке бағынбағандарға оқ атуға мәжбүр болған деп жазылған.
20 адамның өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс те осындай негізбен "қылмыс құрамы жоқ" деп тоқтатылған.
"Әкімдік ғимаратын басып алу қаупінің артуын, Шымкент қаласы полиция департаменті қызметкерлерінің, №6506 әскери бөлім қызметкерлері мен қатардағы азаматтардың өмірі мен денсаулығын ескере отырып, қаланың жедел штабы табельдік атыс қаруын қолдануға алқалы түрде санкция берген, яғни, әкімшілік мемлекеттік ғимараттарды басып алу мақсатында шабуылдаушы[лар]ға қоғамдық тәртіп пен азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында атуға бұйрық берілген" деп жазылған сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы тергеу құжатында.
Азаттық редакциясы қолға түсірген тергеу құжаттарында 20 марқұмның жетеуінің денесінен оқ алынғаны, ал екі адамнан алынған оқтың қандай қарудан атылғанына дейін жазылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, оқ атқан қарудың иесі де, өзге күштік құрылым қызметкерлері де іс бойынша куә ретінде жауап берген. Олардың жауабы бір-бірінікіне ұқсас, яғни "жеке басына қауіп төніп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында оқ аттық" деген сарында шыққан.
2022 жылғы 5 мамырда Шымкент қалалық прокуратурасы бекіткен полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулысында қалалық полиция департаментінің қызмет инспекторы А.Беріковтің қызмет қаруынан атылған оқ марқұм Мейрамбек Шойбековтің, қызмет инспекторы Д.Жұмақұловтың қызмет қаруынан атылған оқ марқұм Абылай Ергештің денесінен табылғаны жазылған.
Азаттық Шымкент қалалық полиция департаментінен Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан екі адамның денесінен табылған оқтар атылған қарулардың иесі ретінде көрсетілген полиция қызметкерлері жөнінде ақпарат сұрады. Департамент Қаңтар оқиғасы кезінде Д.Жұмағұлов пен А.Беріков жергілікті полиция қызметінде инспектор болып жұмыс істегенін растады. Олардың үстінен арыз түскен, бірақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеудің бірыңғай тізіміне тіркеуге негіз болатын мән-жайлар анықталмаған. Әйткенмен қайта тексеру жүріп, соның нәтижесі бойынша шешім қабылдау қажет деген ұйғарым жасалған. Соған қарай "қызметтік тексеру жүргізу үшін жолданады" деп жазды полиция жауабында.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 2024 жылдың қараша айында патрульдік полиция полкінің рота командирі, полиция капитаны болған Жұмақұлов жұмыстан босатылып, "департамент қарамағына қалдырылған". Ал полиция аға лейтенанты Беріков 2023 жылдың қараша айында "теріс қылығы" үшін ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылған.
Азаттық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Шымкент қаласы бойынша департаментінен Шымкентте 2022 жылғы 6 қаңтарға қараған түні оқ тиіп қаза тапқан 20 адамның өліміне қатысты тоқтатылған істің тергеу құжаттарымен таныстыруды сұрады.
Департамент "тергеу мен анықтау деректері туралы құқықтық статистикалық ақпарат заң талабына сай, іс материалдары тергеуші, анықтаушы, прокурор мен соттың рұқсатымен ғана жария етіледі" деп жауап жазды. Әйтпесе "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңға қайшы болмақ. Архив прокуроры іс материалдарымен танысуға тек іске қатысушыларға ғана рұқсат етеді.
"Сізге Шымкент қаласының прокуратурасына жүгінуге болатынын түсіндіреміз" деген департамент Азаттыққа жолдаған жауабында.
Азаттық қала прокуратурасына іске қатысты бірнеше сұрақ жолдағанымен "тергеу мүддесіне байланысты жария етуге жатпайды" деген жауап алды.
Шымкенттегі Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардан өзге 195 адам түрлі дене жарақатын алған. Оның елуге жуығы – полиция өклдері, әскери қызметкерлер мен дәрігерлер. 142 арнайы техника бүлінген. Оның 107-сі полиция департаментінің қызмет көлігі. Қаладағы жалпы шығын мөлшері 1,5 миллиард теңгеден асқан.
"ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ МОЙНЫМА АЛДЫМ"
2022 жылғы 5 қаңтарда Қазақстанның бірнеше аймағында бір мезгілде жаппай наразылық тәртіпсіздіктерге ұласып, соңында қантөгіспен аяқталды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қаңтарда телеарнадан халыққа жасаған үндеуінде Алматыға "20 мың содыр шабуыл жасағанын", Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұжымынан (ҰҚШҰ) Қазақстанға бітімгер күштерін енгізуді сұрағанын айтып, күш құрылымдарына "содырларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеген.
– Жағдай шиеленісіп кетті, мұны ашық мойындауым керек. Құқық қорғау органдарының басшылары жауапкершілікті алуға қорықты. Жігерсіздік танытты. Яғни, бұл нағыз соғыс болды. Жауапкершілікті алу керек болды. Біздің заң сондай. Жаңаөзеннен кейін құқық қорғау қызметкерлеріне жағдай бақылаудан шығып кеткен жағдайларда қару қолдануды шектейтін заңдар қабылданды. Сондықтан халыққа мәлімдеме жасамас бұрын да қарақшыларға, қарулы қарақшыларға оқ ату керек деп айттым. Мен жауапкершілікті мойныма алдым, – деді Тоқаев 2022 жылғы 29 қаңтарда мемлекеттік "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында.
БҰҰ-ның тәуелсіз сарапшылары Қазақстан билігінің Қаңтар оқиғасы кезінде "демонстранттарға атыс қаруын қолдануын" қатаң сынға алды.
Халықаралық Human Rights Watch ұйымы, сонымен бірге БҰҰ, ЕҚЫҰ және Еуроодақ Қазақстанды күштік құрылымдарының әрекеттерін "тиімді, тәуелсіз әрі объективті" зерттеуге үндеген.
Қаңтар оқиғасы кезінде мыңнан астам адам ұсталып, жүздеген адам "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау" және өзге қылмыстар бойынша күдікке ілініп, қамалды. Жүздеген адам күш құрылымдары өкілдері азаптап-қорлағанын айтып шағынды.
Құқық қорғаушылар Астананы Қаңтар оқиғасын тергеуге халықаралық сарапшылар тартуға бірнеше рет үндеген, Қазақстан билігі келіспеді.
Қаңтар оқиғасының жай-жапсарын зерттеген қазақстандық құқық қорғаушылар "Ескертусіз қасақана оқ ату" атты есебінде Қаңтар кезінде адам құқықтары өрескел бұзылған деген тұжырым жасап, адам өліміне қатысты тоқтатылған және "құпия" деп танылған істердің бәрін ашуды және бейбіт халыққа заңсыз күш қолданған құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлерді жауапқа тартуды талап етті.
ПІКІРЛЕР